«Алатау» балалар клиникалық санаторийінің ұжымы SENIM медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына өз алғысын білдіреді.

Сәуірдің 24 күні SENIM медицина қызметкерлерінің кәсіподағы «Алатау» балалар клиникалық шипажай балаларына баланы дамытатын ойыншықтарын сыйға тартты. Мұндай сыйлықты кәсіподақ алда келе жатқан Балаларды қорғау күніне орайластырып берді.

«Сіздердің жұмыстарыңыз оңай емес. Республика бойынша балалар сіздерге денсаулығын түзеу үшін келеді. Үлкені бар, кішісі бар, ата-аналар бар. Бір-бір үйдің еркесі, солардың барлығының көңілінен шығасыздар. Сіздерге осы кәсіподақ атынан кішкентай, осындай ұрпақтарымызға денсаулығын түзету барысында көңіл күйлері көтеріңкі болсын деп,  «1-маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні» орай осындай сыйлық беруді шештік», — дейді кәсіподақ өкілі.

Мамандардың айтуынша, балаларды дамытатын ойыншықтар бүлдіршіндердің ойын арқылы жаңа дағдылар мен түсініктерді меңгеруіне көмектесе отырып, психикалық және физикалық дамуды ынталандырады. Бұл жаттығулар мен емдеуді қызықты әрі тиімді етудің тамаша тәсілі. Сондықтан балаларға ұсақ моториканы дамытатын ойыншықтар, шахмат, үстел ойындары, құрылыс жинақтары берілді.

«Алатау» балалар клиникалық санаторийі тау-курорттық аймақта (теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте) орналасқан республикадағы жалғыз балалар санаторий. Шипажай соматикалық патологиясы бар 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын жақсартуға арналған.