Салауатты өмір мен шығармашылық қатар: «Алатау» санаторийіндегі байқау

«Алатау» балалар клиникалық санаторийінде «Айгөлек» атауымен «Қыз сыны» байқауы өтті. Бұл байқауға қатысқан кішкентай ханымдар ән салып, би билеп, өз білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Осындай іс-шаралар балалардың шығармашылығын шыңдап, өз қабілеттерін ашуға, жаңа нәрселерді үйренуге мүмкіндік береді.

Бұл байқау балалар үшін әрі пайдалы, әрі көңілді демалыс болды. Санаторийде ем алып жүріп, олар жаңа достар тапты, әлемді тануға және салауатты өмір салтының маңызын түсінуге қадам жасады.

«Алатау» балалар клиникалық санаторийі 3 жастан 14 жасқа дейінгі соматикалық аурулары бар балаларды сауықтыруға арналған. Емдеу курсы — 21 күн. Санаторийде 150 төсек-орын бар, оның 20-сы жартылай люкс және люкс санатындағы ақылы бөлімге жатады.

Санаторий теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте, таулы-курорттық аймақта орналасқан және республикадағы үздік 10 санаторийдің қатарына кіреді. Бұл – балалардың денсаулығын жақсартып, жан-жақты дамуына қолайлы тамаша орын.