«Алатау» балалар клиникалық санаторийінде ем алып, тынығып жатқан балалар 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған «Дәрігерлерге алғыс айтамыз» атты жүрекжарды челленджге қуана қатысты. Балалар өздерінің жылы лебіздері мен шығармашылық жұмыстары арқылы дәрігерлерге көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігі үшін шынайы алғыстарын білдірді. Осындай әсерлі сәттер медицина қызметкерлерінің күнделікті еңбегіне ерекше мағына беріп, қарапайым «рақмет» сөзінің қаншалықты маңызды екенін еске салады.
«Алатау» санаторийі – шынымен де ерекше орын. Бұл – еліміздегі теңдесі жоқ, теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте, таулы-курорттық аймақта орналасқан жалғыз балалар санаторийі. Мұнда соматикалық сырқаттары бар балалар ем алып, денсаулықтарын қалпына келтіреді, таза тау ауасымен тыныстап, ойнап-күліп, күш-қуат жинайды. Табиғаттың тыныштығы мен айналаның мейірімі балалардың тезірек сауығып, әр күнге қуанышпен қарауына көмектеседі.