«Алатау» балалар клиникалық санаторийінде Отан қорғау тақырыбына арналған мерекелік сабақ өтті. Педагогтар кішкентай емделушілерге туған елге деген сүйіспеншіліктің маңызы мен Отан қорғаушы болудың мәнін түсіндірді. Сондай-ақ осы күні балаларды мерекемен құттықтап, олардың болашақтағы азаматтық жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Мамандардың айтуынша, патриоттық сезімді бала кезден қалыптастыру – олардың саналы азамат болып өсуіне жол ашады. Ата-ана мен тәрбиешінің сенімі мен қолдауы баланың жауапкершілікті сезінуіне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятуға ықпал етеді.
Жыл сайын «Алатау» санаторийінде жүздеген бала ем алып, білім мен тәрбие алады. Мұндағы педагогтер, медицина қызметкерлері мен мамандар балаларға табиғатты аялауды, айналаны құрметтеуді және туған елді сүюді үйретеді.
Бұл санаторийдің ерекшелігі – республикадағы теңдесі жоқ, теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте, тау баурайында орналасқан жалғыз балалар шипажайы екендігінде. Табиғи тазалық пен тау ауасы балалардың денсаулығын қалпына келтіруге, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасайды.