«Алатау» балалар санаторийінде балаларға ерте жастан бастап салауатты қарым-қатынас дағдылары мен дұрыс өмір сүру салтын үйретеді
«Алатау» клиникалық балалар санаторийінде коммуникативтік дағдыларды дамыту мен салауатты өмір салтын (СӨС) қалыптастыруға арналған тақырыптық сабақтар өткізілді. Бұл кездесулер 2024 жылы ашылған СӨС мектебінің аясында ұйымдастырылды.
Мамандардың айтуынша, балаларға салауатты өмір салтының негіздерін ерте жастан бастап үйрету өте маңызды. Қарым-қатынас жасау, эмоцияны түсіну, күйзелісті жеңе білу — СӨС-тің ажырамас бөлігі. Өйткені денсаулық — тек физикалық жағдай ғана емес, сонымен қатар эмоциялық әл-ауқат. Сол себепті санаторийдің дәрігерлері, психологтары мен педагогтары балалар арасында коммуникативтік мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөледі.
«Алатау» санаторийі — көрікті таулы аймақта орналасқан, соматикалық аурулары бар балаларды оңалтуға маманданған бірегей медициналық мекеме. Мұнда тек емделуге ғана емес, баланың жан-жақты дамуына да барлық жағдай жасалған: таза тау ауасы, білікті мамандар және заманауи білім беру әдістері.
Салауатты өмір салтын насихаттау — мекеменің басты міндеттерінің бірі. Санаторий қызметкерлерінің пікірінше, балалық шақта қалыптасқан әдеттер — бүкіл өмір бойғы денсаулықтың негізі. Сондықтан әрбір сабақ, әрбір әңгіме мен ойын — баланың саналы, белсенді және салауатты болашағына жасалған қадам.