«Алатау» санаториясындағы отбасылық спорт мерекесі

«Алатау» балалар клиникалық санаториясының кішкентай емделушілері «Озат отбасы» атты спорттық мерекеге қатысты. Оңалту кезеңінде балалармен бірге жүрген ата-аналар да спорттық жарыстарға белсене қатысты. Бірлескен ойындар дене белсенділігінің маңыздылығын ғана емес, оның қызықты әрі бүкіл отбасы үшін қолжетімді екенін көрсетті.

Соматикалық аурулары бар балалар санаторийде 21 күн бойы ем алып, демалады. Бұл кезеңде 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалар алдын алу емдерін қабылдап қана қоймай, күш жинап, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытады. Олар жаңа достар табады, салауатты өмір салтының негіздерін үйренеді және көп уақытты табиғат аясында — ағаштар мен өсімдіктер арасында, көркем таулардың етегінде өткізеді.

«Алатау» санаториясының басты ерекшелігі — оның бірегей орналасуында. Бұл — теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте, таулы-курорттық аймақта орналасқан республикадағы жалғыз балалар санаториясы. Табиғаттың көркемдігі, таза таулы ауа мен қолайлы климат балалардың денсаулығын қалпына келтіру мен үйлесімді дамуына таптырмас жағдай жасап отыр.