Төтенше жағдай кезінде медициналық мекемелер тәулік бойы жұмыс істейді

Қиын жағдайға байланысты бұл мәселе ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында. Бұл өңірлердегі барлық медициналық ұйым медициналық көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру үшін күшейтілген режимде жұмыс істейді. 3 мыңға жуық медицина қызметкері және осы аудандардағы барлық медициналық ұйым медициналық көмекке мұқтаж кез келген адамға қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Су басқан аудандарда 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева ОКҚ брифингінде айтты.

Оның хабарлауынша, Төтенше жағдай кезінде медициналық мекемелер тәулік бойы жұмыс істейді, көмекке мұқтаж барлық азамат қабылданады. Әрбір науқас дәрігерлерден қажетті медициналық көмек алуда.

«Су тасқыны кезеңінде психологиялық көмек көрсету ұйымдастырылды. Осы мақсатта жедел штаб құрылды. Мамандардың көмегіне мұқтаж барлық адамдармен жұмыс істейтін 30 психолог жұмыс жасап жатыр. Жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына ерекше назар аударылады. Мәселен, өткен тәулікте Атырау облысында Құлсары қаласынан перзентханадан 12 әйел, оның ішінде 8 перзентхана мен 5 жүкті әйел толық мерзімде медициналық ұйымдарға эвакуацияланды. 39-40 апта мерзіміндегі жүкті әйелдердің бірі жедел медициналық жәрдем көлігінде тасымалдау кезінде босанған. Салмағы 3610 г, бойы 55 см қыз дүниеге келді. Қазіргі уақытта босанған әйел мен бала Бейнеу аудандық ауруханасында, олардың жағдайы қанағаттанарлық»,-деді спикер.

Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды. Уақытша орналастыру пункттерінде 990 бала бар. Дәрігерлер үнемі тексеріп, әр баланың денсаулығын бақылайды.

«Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету мәселелері де тұрақты бақылауда. Сумен жабдықтау нысандарына, мал қорымдарына, кәріздерге және зираттарға мониторинг күшейтілді. Санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын зерттеу жүргізіледі. 4 мыңнан астам су сынамасының 133 сынамасы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейді. Жалпы, сәйкес келмейтін сынамалар бойынша көрсеткіш өткен екі жылдың қорытындысы бойынша орташа республикалық жылдық көрсеткіштен аспайды. Өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында»,-деді ведомство өкілі.

Эвакуациялық пункттерде ауыз су режимін және қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыруды бақылау жүзеге асырылады. Санитарлық-дезинфекциялық режим сақталады. Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ барша медицина қызметкері алдағы уақытта да халқымыздың денсаулығы үшін жұмыс істеп, қиын-қыстау кезеңде мұқтаж жандарға көмек пен қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.

Қазақстан президенті Тоқаев шұғыл үндеу жасады

Мемлекет басшысының су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялады.

Құрметті отандастар!

Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.
Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.
Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.

Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.

Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.

Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.
Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес.

Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.

Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет.

Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.

Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді.

Президент Токаев обратился к казахстанцам из-за сложной паводковой ситуации

 «Алатау» балалар клиникалық санаторийінде кезекті маусым аяқталды  

Алматыдағы «Алатау» балалар клиникалық санаторийінде төртінші маусым аяқталып, балалар үйлеріне қайтуға дайындалып жатыр. Олар 21 күн бойы арнайы ем алып, жаңа дос тауып, демалып, үйлеріне қайтады.

Шипажай мамандары балалардың демалысы жақсы өту үшін бар күшін салып, тырысқан. Ем алған балалардың демалысы жақсы өткенін ата-аналарда байқаған. Сондай ата-аналардың біріне Алина мен Дильназ Аділбековалардың апасы жатады.

«Март айы менің немерелерім «Алатау» шипажайына  демалып-ем алуға барған. Сол жерде оларға қарап,қамқор болып жүрген тәрбиешілер,медсестралар,поварлар мен дәрігерлерге алғысымды айтқым келеді.Шипажайда  қызмет жасап, осы кішкентай балалардың ем алуына көмектесіп жүрген барлық жұмысшыларға үлкен рақмет айтамын! Таңертеңнен кешке дейін біздің балаларымыздың амандығы үшін мойындарына үлкен жауапкершілік алып жүреді. Жаңадан келіп 100ден астам бала ай сайын санаторияда жатып ем алады. Барлығына бір уақытта бірдей қарау қиын. Сондықтан барлығына рақмет. Менің екі қызымның тәрбиешілері Гүлжанат Қасымовнамен Салтанат Болатовнаға алғыс айтамын. Қыздарымды еш жерде қалдырмай басқа балалармен таныстырып,ойнатып, күн сайын далаға шығарып олармен бірге серуендеп, таңғы жаттығулар жасап жүрді! Поварларға рақмет. Ғалия,Асель,Бақыт апай!Менің балаларыма күн сайын әртүрлі дәмді тағамдарды дайындап жүрді, сестра хозяйка Раушан, ол кісінің де еңбегіне рақмет айтқым келеді! Айтқым келгені ,«Алатау» санаториясының ұжымына алғысым шексіз!», деп жазды екі немеренің апасы.

Жыл сайын «Алатау» балалар клиникалық санаторийінің мамандары 16 маусым бойынша бала қабылдайды.21 күн ішінде балалар ем қабылдап, тау-курорттық аймақта орналасқан шипайжай аумағында серуендеп, тынығады.

«Алатау» балалар клиникалық санаторийі тау-курорттық аймақта (теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте) орналасқан республикадағы жалғыз балалар санаторий. Шипажай соматикалық патологиясы бар 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын жақсартуға арналған.

«Алатау» балалар клиникалық санаторийінің қызметкерлері сенбілік өткізді

Ағымдағы жылдың 28 наурызында «Алатау» балалар клиникалық санаторийінде сенбілік өтті. Көктемнің шуақты күнінде мекеме қызметкерлері санаторий аумағының санитарлық жағдайын жақсартуға белсене қатысты. Олар шипажай аймағын әлі ерімеген қардан, жапырақтар мен қоқыстардан тазартты.
«Алатау» балалар клиникалық санаторийі тау-курорттық аймақта (теңіз деңгейінен 1430 метр биіктікте) орналасқан республикадағы жалғыз балалар санаторийі болып табылады, сондықтан кей жерлерде әлі де қар бар.


Мамандардың айтуынша, олар балаларға қолайлы жағдай жасау үшін бар күшін салып жатыр. Сол себептен барынша шипажайдың аумағын тазартты және ем алып жатқан балалар мен жұмысшылардың көңілінен шығуға тырысты. Шипажай соматикалық патологиясы бар 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын жақсартуға арналған.